22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласқан ата-аналарға айыппұл салына ма

Мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласқан ата-аналарға айыппұл салына ма

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді сабақтан кейін ата-аналардың WhatsApp чаттарында қажетсіз сұрақтармен мазаламауға қатысты ұсынысын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, педагогтердің жұмыс уақыты сабақ аяқталған соң да жалғасады. Олар келесі күнге дайындалып, оқу процесіне қатысты басқа да жұмыстарды атқарады. Сондықтан шұғыл мәселе болмаса, мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласпаған жөн.

«Менің үндеуім – ұстаздарымыздың жеке өмірі бар екенін, олардың күнделікті уақыты бар екенін ескеруге шақыру. Одан бөлек, ұстаздар келесі күнге дайындалып келуі қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мұғалімдерге қай уақытқа дейін хабарласуға болады?

Министр ата-аналарға мұғалімдерге 18:00-ден кейін хабарласпау туралы ұсыныс айтылғанын атап өтті. Алайда бұл барлық мектепке ортақ міндетті талап емес.

Себебі кей білім беру ұйымдарында екінші ауысым кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Осыған байланысты ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы байланыс уақыты әр мектептің жұмыс тәртібіне қарай белгіленуі мүмкін.

Ата-аналарға айыппұл салынбайды

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге кешкі уақытта хабарласқан ата-аналарға айыппұл салу жоспарда жоқ екенін айтты.

«Ондай ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған. Ондай ойымызда жоқ. Бұл жерде қоғамдық әдеттің, этиканың жаңа нормасын қалыптастыру туралы ұсынысым болды», – деді министр.

Министрдің сөзінше, шұғыл жағдай туындаған кезде мұғалім ата-анамен байланысып, мәселені шешуге көмектеседі. Ал күнделікті сипаттағы сұрақтарды педагогтің жұмыс уақытында қойған дұрыс.

Ұқсас жаңалықтар