Алматыда концерт кезінде көрермендер арасында болған жанжалға қатысушылар жауапқа тартылды, деп хабарлайды otirikemes.kz Алматы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, іс-шара барысында көрермендер арасында жанжал туындаған. Оқиғаға араласқан қауіпсіздік қызметінің өкілдері жанжалға қатысушыларды концерт өтетін алаңнан сыртқа шығарған. Соған қарамастан, концерт тоқтатылмай, штаттық режимде жалғасқан.
Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысы бар үш әйел анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары болып шықты. Бірінші әйел сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, екіншісіне қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды.
Ал Тараз қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Бұдан бөлек, полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында концерттің тоқтатылғаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарағанын анықтаған. Жалған ақпарат жариялаған Instagram аккаунтының иесі анықталып, оған әкімшілік айыппұл салынды.