22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Маңғыстауда мектеп оқушыларына шұбат беріледі

Маңғыстауда мектеп оқушыларына шұбат беріледі
Маңғыстау облысы әкімдігі

Қыркүйектен бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің оқушыларына шұбат беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Осылайша, түйе сүтінен жасалатын дәстүрлі сусын мектеп оқушыларының күнделікті тамақтану рационына жүйелі түрде енгізілмек. Әкімдік мәліметінше, бұл – Қазақстанда ұлттық сусынды мектеп ас мәзіріне тұрақты қосуды көздейтін алғашқы жоба.

Бастама жаңа өндіріс орнының ашылуына байланысты жүзеге асырылып отыр. 26 тамызда Жаңаөзенде «Нар-Бота» шұбат құю цехы іске қосылды.

Жоба идеясын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұсынған. Негізгі мақсат – балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуына мүмкіндік жасау. Шұбаттың құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобы дәрумендері және адам ағзасына қажетті басқа да пайдалы заттар бар.

Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, шұбатты мектеп мәзіріне қосу балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасап қана қоймай, жергілікті өндірісті дамытуға да ықпал етеді.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдердің балаларымызға қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа өндіріс орнының аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Цех жылына 400 тоннаға дейін шұбат өндіре алады.

Ұқсас жаңалықтар