Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іс аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды otirikemes.kz
Бас прокуратураның хабарлауынша, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілген.
Тергеу аясында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған.
Олардың қатарында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, батальон мен теңіз жаяу әскерлері ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.
Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Оқу-жаттығу кезіндегі қауіпсіздік мәселелері анықталды
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі мәселелер бар екенін көрсеткенін айтқан болатын.
Қорғаныс министрлігі жүргізген кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығу барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет етуге дайындықта бірқатар кемшілік анықталған.
Сонымен қатар қауіпті факторларға жеткілікті деңгейде назар аударылмағаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылау жүргізілмегені және оқу-жаттығудың аса қауіпті кезеңдерін уақытында тоқтату жөнінде шешім қабылдауда олқылықтар болғаны белгілі болды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына тиесілі қаржылай көмек толық көлемде үлестірілген.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның себептері мен оған жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатындағы тергеу жалғасып жатыр.