21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Көлік жүргізу құқығынан айырылған 115 адам бес күнде қамауға алынды

Көлік жүргізу құқығынан айырылған 115 адам бес күнде қамауға алынды
Бейнежазбадан скриншот

Қазақстанда көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған жүргізушілерге қатысты рейдтер жүргізіліп жатыр. Соңғы бес күнде 115 адам әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды otirikemes.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, кейбір азаматтар сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылса да, заң талаптарын елемей, автокөлік басқаруды жалғастырады. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.


Полицияның соңғы бес күндегі жұмысы нәтижесінде көлік жүргізу құқығынан айырылған 245 жүргізуші анықталған. Олардың 115-і әкімшілік қамаққа алынса, қалған 130 адамға айыппұл салынған.

Сонымен қатар құқық бұзушылар басқарған 245 автокөліктің барлығы арнайы айып тұрағына жеткізілді.

ІІМ өкілдері көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың рөлге қайта отыруына жол берілмейтінін атап өтті. Ведомство мұндай заң бұзушылықтарға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.

Полицияның айтуынша, бұл талап ең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар