22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Келешекте мектептерде сабақты жасанды интеллект бөліп беруі мүмкін

Келешекте мектептерде сабақты жасанды интеллект бөліп беруі мүмкін
фото: Үкімет

Енді мұғалімдер сабақ сағатын алу үшін мектеп директорына тәуелді болмайды. Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің оқу жүктемесін әділ бөлуді жасанды интеллект арқылы автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.

Қазір мектептерде сабақ сағатын бөлу мұғалімдер арасында жиі пікірталас туғызады. Мәселен, бір педагогке 16 сағат, ал екіншісіне 24 сағат берілсе, оның қандай негізде бөлінгені туралы сұрақ туындайды.

Министрдің айтуынша, жаңа цифрлық жүйе мұндай дауларды азайтып, әр мұғалімнің оқу жүктемесін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.

ЖИ сабақ сағатын қалай есептейді?

Жаңа платформада республика бойынша оқушылар саны, олардың сыныптарға бөлінуі, өңірлердегі сынып саны және әр пән бойынша оқу жүктемесі ескеріледі. Осы деректер негізінде мектептегі жалпы оқу сағаты анықталып, мұғалімдердің орташа жүктемесі есептеледі.

«Осы сағаттарды әділетті бөлу негізінде кез келген мұғалімнің орташа жүктемесі айқындалады. Мұның барлығын ЖИ платформада өзі жасап, есептеп беруі керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

«Бірде-бір мұғалім директорға тәуелді болмауы керек»

Министрдің пікірінше, сабақ сағатын бөлу кезінде мектеп басшысының субъективті шешіміне тәуелділікті азайту қажет.

«Шынтуайтында, бірде-бір мұғалім директорға осы сағат үшін мәжбүрлі түрде басыбайлы болмауы керек. Бұл – менің принципалды ұстанымым. Сондықтан мұны шешетін – цифрлық технология, тек қана ЖИ деп ойлаймын», – деді министр.

Жаңа жүйеде мұғалімнің біліктілігі, еңбек өтілі және санаты да ескерілмек.

Қазір Оқу-ағарту министрлігі Қаржы департаментімен бірлесіп, педагогтердің жалпы оқу жүктемесін есептейтін цифрлық шешімді әзірлеп жатыр. Министрдің айтуынша, бұл тетіктің нақты шешімі бір жыл ішінде айқындалады.

Ұқсас жаңалықтар