22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

ІІМ қазақстандықтардың дербес деректерінің сатылуына қатысты мәлімдеме жасады

ІІМ қазақстандықтардың дербес деректерінің сатылуына қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан азаматтарының дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпарат тарап, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған еді. Аталған жағдайға қатысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

eGov порталы шабуылға ұшырамаған

Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат бойынша жедел тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде «электрондық үкімет» (eGov) порталының жүйесіне сырттан заңсыз кіру немесе деректер қорын бұзу фактілері тіркелмегені белгілі болды.

Дегенмен, желіде пайда болған хабарландыру құзырлы органдардың назарынан тыс қалған жоқ.

Кінәлілерді анықтау шаралары жүріп жатыр

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ақпаратты таратқандардың соңына түсті.

«Қазіргі уақытта хабарландыруды орналастырған тұлғаны, ұсынылып отырған деректердің қайдан алынғанын, сондай-ақ оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр», — деп хабарлады ІІМ өкілдері.

Деректерді қорғау — Конституциялық міндет

Министрлік өз құзыреті шегінде азаматтардың жеке мағлұматтарын қорғауға және осы бағыттағы конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуге барынша жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, ҚР Конституциясының 21-бабында азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан — оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардан қорғау тікелей көзделген.

Ұқсас жаңалықтар