Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорттық мүмкіндіктер аясы кеңейіп келеді. Анна Алябьеваның көркем гимнастика мектебі бейімделген (адаптивті) гимнастика бағытын ашатынын хабарлады. Сонымен қатар Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясы да параспорттық федерация құрылатынын мәлімдеді.
Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған «Қазақстандағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау: заңнамалық негіздері мен іске асыру механизмдері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында Мектеп жетекшісі, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьева мүгедектігі бар балаларға арналған көркем гимнастика секцияларын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мектептің инклюзивті бағытта тәжірибесі бар – оның бапкерлері гимнастшыларды Special Olympics жарыстарына дайындаған болатын. Қазіргі уақытта мектеп бұл салада ілгерілеген шетелдік әріптестерімен байланыс орнатты.
– Біздің серіктестеріміз бен достарымыз дайын кейстерін бөлісуге дайын, – деді Алябьева. – Өзімізде енгізуге болатын мұндай мол тәжірибенің бар болғаны қуантады. Әлемде көркем гимнастиканы қоса алғанда, халықаралық парафедерациялар бұрыннан жұмыс істеп келеді. Өзгелердің қолынан келсе, біздің де қолымыздан келеді!
Альпинизм және спорттық скалолазание федерациясының бас хатшысы Нұрсұлтан Алдонғаров 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиада ойындарының бағдарламасына жаңа бағыт — параскалолазание (бейімделген альпинизм/скалолазание) енгізілгенін тілге тиек етті.
– Біз бұл Ойындарға қатысуды мақсат етіп отырмыз, – деп түсіндірді Алдонғаров. – Қазіргі уақытта Федерация спорттың осы түрін ресми тіркеу жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов айтылған бастамаларға толық қолдау білдірді.
– Бұдан өте маңызды әрі қызықты жұмыс бағытын көріп отырмыз, – деді ҚХП басшысы. – Ерекше балалар үшін спорт жай ғана әуестік емес, ол — қоғамға бейімделудің, өзін-өзі танытудың және әлеуметтенудің тиімді құралы.
Анна Алябьева Қазақстан Халық партиясына ризашылығын білдіріп, ҚХП-ға «Ерекше балалар жылын» өткізу идеясын көтеруді ұсынды. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл салада үлкен қолдау көрсетіп жатқанын ескерсек, мұндай бастама оң шешімін табуы тиіс.