22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Спорт

Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін
фото: WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан беделді WTA турниріндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп, жарыстың үшінші айналымына өтті. Осылайша, ол әлемнің 1-ші ракеткасы атану жолындағы күресін одан әрі жалғастырады.

Елена Рыбакина 2-13 тамыз аралығында өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің алғашқы матчында Австралия атынан өнер көрсететін Дарья Касаткинамен (WTA рейтингінде 61-орын) шеберлік байқасты. Үш сетке созылған тартысты бәсеке 6:3, 5:7, 6:4 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына аяқталды.

Енді турнирдің үшінші айналымында Елена Рыбакина әлемнің 31-ші ракеткасы, америкалық Энн Лимен шеберлік байқасады.

Қазіргі уақытта Рыбакина 8056 ұпаймен әлемдік рейтингте екінші орында тұр. Көш басында 8550 ұпай жинаған беларусьтік Арина Соболенко келеді. Рыбакинаның рейтингте бірінші орынға көтерілуі үшін мынадай шарттар орындалуы тиіс:

Егер Елена Торонтода топ жарып, чемпион атанса, оның қоржынындағы ұпай саны 8666-ға жетеді. Қазақстандық теннисші көшбасшы атануы үшін Арина Соболенко Торонтодағы турнирдің 1/8 финалына жетпей жеңіліс табуы тиіс. Егер Соболенко 1/8 финалға жетсе, кемінде 8670 ұпай жинап, бірінші орнын сақтап қалады.

Биыл Торонтодағы Canadian Open турнирінің жүлде қоры 7 433 076 долларды құрайды. Жекелей сында чемпион атанған теннисші 1 085 220 доллар сыйақы алып, қоржынына 1000 рейтинголық ұпай қосады.

Рыбакина үшін бұл турнир өз мансабында тұңғыш рет әлемнің ең үздік теннисшісі (№1) атануға берілген тарихи мүмкіндік болып тұр.

Ұқсас жаңалықтар