22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Елдегі мектептерге жасанды интеллект пәні енгізіледі

Елдегі мектептерге жасанды интеллект пәні енгізіледі
Otirik emes

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, білім беру жүйесін жаңғырту аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары қайта қаралған. Соған сәйкес, 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.

Министрлік бұл өзгерістердің технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы жаңа талаптар және жасанды интеллекттің қоғам өмірінің түрлі саласына кеңінен енуіне байланысты қабылданғанын атап өтті.

Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллекттің негізгі ұғымдарын меңгеріп, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау қағидаларын үйренеді.

5-9 сыныптарда оқушылар оқу барысында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануды, дұрыс промпт құрастыруды, алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарын сақтауды оқиды.

Ал жоғары сыныптарда (10–11 сынып) жасанды интеллект технологияларын тереңірек меңгеруге басымдық беріледі. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілердің жұмыс істеу принциптері, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Ұқсас жаңалықтар