21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды

Діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды
Бейнежазбадан скриншот

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды otirikemes.kz  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ жедел уәкілдері күдіктінің заңға қайшы әрекеттерін, соның ішінде интернет кеңістігіндегі қызметін ұзақ уақыт бойы бақылап, құжаттаған. Тергеу мәліметінше, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратуды жалғастырған.


Атап айтқанда, ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарға әкімшілік етіп, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарына идеологиялық тұрғыда ықпал еткен.

Бұған дейін күдіктінің бірқатар аудиодәрісі терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сот шешімімен экстремистік материалдар деп танылған. Сондай-ақ оның шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024-2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған.

11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді.

Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта ІІМ қызметкерлері заңға қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластары мен іске қатысы бар басқа да адамдарды әшкерелеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Құқық қорғау органдары экстремистік идеологияны таратуға және діни алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттердің Қазақстанда немесе шетелде жасалғанына қарамастан, анықталып, жолы кесілетінін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар