Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамзаның Вьетнам әуежайында түсірілген фотосы тарады. Кадрларда оның қолына кісен тағылғаны және жанында күзет қызметкерлерінің тұрғаны көрінеді.
Желі қолданушылары бұл суреттер Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялау кезінде түсірілген болуы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Дегенмен Бас прокуратура әзірге блогердің Қазақстанға жеткізілгенін растайтын ресми ақпарат жоқ екенін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Қайсар Қамзаның Вьетнамда қамауда отырғаны және оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатқаны белгілі болған еді.
Қайсар Қамза не үшін ұсталды?
2026 жылдың сәуірінде миллионнан астам оқырманы бар блогер Вьетнамның Камрань қаласында ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол Интерполдың халықаралық іздеуі аясында қолға түскен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қайсар Қамза әлеуметтік желілерде онлайн-казиноны тұрақты түрде жарнамалап, жазылушыларын құмар ойындарға қатысуға үгіттеген.
Алайда мамыр айының басында блогер Вьетнамнан видеоүндеу жариялады. Онда ол Қазақстанға барып келгенін, кейін қайтадан Вьетнамның Нячанг қаласына оралғанын айтқан.
«Иммиграциялық қызметте менің төлқұжатымды алып қойды. Бәрі жақсы болады деп тілейік. Осыны айтқым келді. Жақсы күндерде қайта кездескенше», – деген еді Қайсар Қамза.