Қазақстанда жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 4,5 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жеті айдың қорытындысы бойынша полиция синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын зертхананың жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 12 қылмыстық іс қозғалды. 9 ұйымдастырушы мен 41 қатысушы ұсталды.
Заңсыз айналымнан жалпы 865 келі есірткі тәркіленген.
Есірткі қылмысына кәмелетке толмағандар да тартылған. Жыл басынан бері 55 жасөспірім ұсталып, олардың 32-сі есірткі өткізумен байланысты әрекеттерге қатысы бар деп анықталған.
Есірткі бизнесінің қаржылық арналарына да тосқауыл қойылуда. 258 млн теңгеге қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталған. Бұдан бөлек, заңсыз есірткі саудасының қаржылық схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта мен шот бойынша транзакцияларға шектеу енгізілген.
Интернеттегі есірткі саудасына қарсы жүргізілген шаралар нәтижесінде 8,5 мыңға жуық заңсыз сайт бұғатталды.