Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада республикалық тамыз конференциясына қатысып, білім беру саласындағы негізгі мәселелерге тоқталды. OtirikEmes.kz тамыз конференциясында көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмаларға шолу жасады.
Маман тапшылығы
Мемлекет басшысы оқу жүйесін жиі реформалай бермей, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, кадр тапшылығын азайтуға және дарынды оқушыларды қолдауға басымдық беру қажет екенін айтты.
«Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбеюде. Бұл – жақсы үрдіс.
Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер.
Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді», - деді Тоқаев.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мәселе әсіресе шағын жинақты және ауыл мектептерінде байқалады.
Министрдің мәліметінше, шағын жинақты мектептерде 1,4 мыңға жуық педагог жетіспейді. Ал ауылдық білім беру ұйымдарында физика, химия, биология және математика пәндерінің мұғалімдеріне қажеттілік жоғары.
«Бізде шағын жинақты мектептерде 1400-ге жуық мұғалім тапшылығы бар. Одан бөлек, ауыл мектептерінде физика, химия, биология, математика сынды пәндерге мұғалім тапшы», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл мәселені шешу үшін Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, қажетті кадрларды қысқа мерзімде даярлау жолдарын қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова инклюзивті білім беруге қажетті мамандардың да жеткіліксіз екенін айтты. Әсіресе дефектологтарға сұраныс жоғары.
«Инклюзияға қатысты дефектолог мамандардың жетіспеуін көріп отырмыз. Олар неге төрт жыл оқуы керек? Қазір колледждерде дефектологтарды даярлау және оларды білім беру саласына енгізуге қатысты жедел шешімдерді қарастырып жатырмыз», – деді министр.
Ауыл жастарының жетістігі
Президенттің сөзінше, ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды.
«Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет», - деді президент.

ҰБТ нәтижесі
Президенттің айтуынша, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткіш көрсеткен.
Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы білім сапасының деңгейі көңіл көншітпейді.
Президент әсіресе Түркістан облысындағы жағдайға назар аудару қажет екенін айтты. Сөзінше, PISA зерттеуінің нәтижелері де өңірдегі білім сапасының төмен екенін көрсеткен. Бұл облыстың оқу-ағарту жүйесінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін білдіреді.
Сонымен қатар Тоқаев Түркістандағы жағдайды дағдарыс деп бағалауға болмайтынын атап өтті. Өңірдегі оқушылардың шамамен 75 пайызы ауылдық жерлерде білім алады. Сондықтан олардың дамуына қажетті жағдай жасап, білім беру инфрақұрылымын жақсарту және шалғай елді мекендерге білікті мамандар тарту қажет.
Бұл міндетті Үкімет пен әкімдіктер жедел әрі жоспарлы түрде орындауға тиіс. Сондай-ақ төмен нәтиже көрсеткен барлық өңір әкімдеріне білім сапасын арттыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Мектеп оқулықтарындағы қателіктер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарында кездесетін тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғаларды қайта қарау қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай олқылықтар орта білім беру сапасына кері әсер етеді.
Тоқаев бұған қоса, оқу материалдарында балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерліктері» туралы тексерілмеген аңыздардың берілуіне жол бермеу керегін айтты.
Президенттің сөзінше, ойдан шығарылған немесе тарихи тұрғыдан расталмаған мәліметтер арқылы жастардың бойында отансүйгіштік қалыптастыру дұрыс емес. Сондықтан оқу материалдарының мазмұны шынайы әрі нақты деректерге негізделуі керек.
Одан бөлек оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі.
«Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді. Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шауып жатыр», - деді президент.
Мұғалімдерді аттестаттау жүйесі жеңілдейді
Министр Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге арналған тестілеуге қатысты өзгерістерді де жариялады. Айтуынша, қазір педагогтердің аттестациясындағы ПББ тестін алып тастау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен тестті алып тастау туралы шешім қабылдадық. Қазір пилот жүзеге асып жатыр. Қыркүйектен бастап пилот басталады. Пилот өзінің тиімділігін дәлелдейтін болса, онда барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің аттестациясынан ПББ тесті алынып тасталатын болады», – деді министр.
Сүлейменованың айтуынша, мұғалімдерге қойылатын талаптардың бір бөлігі де жеңілдетіліп жатыр. Аттестация кезінде педагогтің тікелей оқу процесіндегі жұмысына, атап айтқанда сабақ беруі мен оқушылардың білімін бағалауына көбірек мән берілмек.
Сонымен қатар жоғары санатты мұғалімдердің жас мамандарға тәлімгерлік етуі де бағалау жүйесінде ескерілетін болады. Деструктивті мінез-құлқы бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы курстардан өту де мұғалімдердің аттестациясындағы қосымша көрсеткіштердің бірі болмақ.
Тамыз конференциясынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім болашағы» көрмесін аралап көрді.