Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты пікір білдірді. Ол жол апатына қатысты барлық жауапкершілікті мойнына алатынын және тергеу органдарымен бірге жұмыс істейтінін айтты.
«Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін. Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деп жазды ол парақшасында.
Экс-депутат жұбайы екеуі сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бергенін айтты. Сондықтан қосымша мәлімет жариялай алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысын білдірді.
«Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын», – дейді Бақытжан Базарбек.
16 тамызда экс-депутат Бақытжан Базарбектің адам қағып кеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Жол апатынан зардап шеккен ер адам қазір комада жатыр.