22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Сараптама

Аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету форматы өзгереді

Аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету форматы өзгереді
unsplash

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аутизм спектрі бұзылысы бар балалармен жұмыс істеу тәсілдерін өзгертіп жатыр. Ұлттық әлеуметтік қорғау орталығы әлеуметтік қызметкерлерге арналған практикалық нұсқаулық әзірлеуге кірісті.

Жаңа құрал мамандарға аутизмі бар әр балаға жеке тәсіл табуға көмектесетіні айтылды.

«Нақты жағдай мен отбасының сұранысын ескеріп, жұмысты кезең-кезеңімен ұйымдастыруға мүмкіндік беретін түсінікті алгоритм мен ұсыным беріледі», – делінген хабарламада.

Нұсқаулықта әлеуметтік қызметкердің отбасымен жұмысты нөлден бастап қалай құру керектігі жазылады: алғашқы әңгімелесуден және негізгі мәселелерді анықтаудан бастап, бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге дейін қамтылады. Сондай-ақ онда дәрігерлер мен педагогтерді көмек көрсетуге қалай тарту керектігі және бұл қолдаудың бала мен оның жақындарына қаншалықты нақты пайда әкелгенін кейін қалай бағалау қажет екені түсіндіріледі.

Бұл ретте әлеуметтік қызметкерлердің барлық жұмысы баланың отбасымен өзара әрекеттесу қағидатына негізделеді. Себебі баланың қажеттілігін оның жақындарынан артық ешкім білмейді.

Құжатта нақты қандай мәселелер қамтылатыны әзірге белгісіз. Еңбек министрлігі аутизм бұзылысы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесі әлі де зерттеліп жатқанын атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, аутизм спектрі бұзылысы – баланың қарым-қатынас жасауына, мінез-құлқына және әлемді қабылдауына әсер ететін даму ерекшелігі. Бір-біріне ұқсас екі жағдай болмайды. Әр баланың өз қабілеті, қиындықтары мен қажеттілігі бар. Сондықтан әлеуметтік қызметкерлер қалыптасқан бір үлгімен әрекет етпей, әр отбасыға көрсетілетін көмекті жеке таңдауы қажет.

 

Ұқсас жаңалықтар