Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Асылы Әлиқызы Осман жоғары мемлекеттік награда — ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген марапатты Президенттің атынан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды салтанатты түрде табыс етті. Президент өз Жарлығында Асылы Османның мемлекеттік тілді дамытуға, елдегі тұрақтылықты сақтауға және қоғамдық бірлікті нығайтуға қосқан орасан зор үлесін жоғары бағалады.
Асылы Осман Мемлекеттік тіл қауымдастығын басқарады. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ тілін дамыту мен дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдық келісімді нығайтуға белсене атсалысып келеді. 200-ден астам ғылыми және аударма мақалалардың авторы.
Қоғамдық-мәдени өмірдегі белсенділігі үшін ол «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын алған, сондай-ақ ІІ дәрежелі «Достық» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Қала әкімі Дархан Сатыбалды қайраткердің Алматы қаласының қоғамдық және мәдени өміріндегі ерекше орнын ерекше атап өтіп, оның еңбегіне алғысын білдірді.