Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов сингапурлық Changi Airport Group (CAG) компаниясының бас атқарушы директоры Ям Кум Вэнгпен кездесіп, авиация саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елорданың әуежай инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде екінші аэропорт құрылысын салу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан мен Сингапур арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар.
Changi Airport Group компаниясының әлеуеті:
-
Тәжірибесі мен ауқымы: Компания Сингапурдағы «Чанги» және «Селетар» халықаралық әуежайларын басқарады. Оның еншілес құрылымы (Changi Airports International) әлемнің 20-дан астам еліндегі 60-тан астам әуежайды дамыту, басқару және шебер-жоспарлау жобаларына қатысады.
-
Инновациялар: CAG биометрия мен автоматизацияны қоса алғанда, озық цифрлық шешімдерді енгізеді және көміртек бейтараптығы принциптерін ұстанады.
Сингапурлық компания жетекшісі Ям Кум Вэнг Астананың Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі әлеуетін жоғары бағалап, елордада жаңа өңірлік хаб құрылысын салу жобасына өз сараптамасы мен мол тәжірибесін бөлісуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Сингапур қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін растап, әріптестікті толыққанды әуежай экожүйесін құру бағытында тереңдетуге келісті.