22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Спорт

Астанада ПСЖ футбол академиясы ашылады

Астанада ПСЖ футбол академиясы ашылады

2026 жылдың қыркүйек айында Елордада Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубының ресми өкілдігі – PSG Academy Kazakhstan футбол академиясы өз есігін айқара ашады. Осылайша Қазақстан Париж клубының халықаралық академиялар желісіне қосылған әлемдегі 24-ші мемлекет атанды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, академияның алғашқы оқу-жаттығу базасы Астанадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA-ның халықаралық талаптарына толықтай сай келетін жабық заманауи футбол алаңы жас спортшыларға ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жыл бойы үзіліссіз жаттығуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама мен қабылдау шарттары

Алғашқы маусымда академия 6 мен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдауды жоспарлап отыр. Жаңадан келген футболшылар жас ерекшеліктері мен шеберлік деңгейіне қарай топтарға бөлініп, париждік грандтың арнайы әдістемесі бойынша тәлім алады.

PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы Алмас Әлсеновтің айтуынша, академияның басты миссиясы – еліміздегі балаларға әлемдік деңгейдегі футбол даярлығын қолжетімді ету.

«Біздің мақсатымыз – тек спорттық нәтижеге ұмтылу емес, сонымен бірге балалардың бойында тұлғалық қасиеттерді дамытып, кәсіби спортқа дұрыс қадам жасауына жан-жақты жағдай жасау», – дейді жоба авторы.

Жоба балалар футболын дамытумен қатар, жергілікті бапкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да зор серпін бермек. Академияда қызмет ететін барлық бапкерлік құрам PSG Academy бағдарламасы бойынша арнайы сертифицикациядан өтеді. Сонымен қатар, ПСЖ клубының Франциядан келген техникалық мамандары жергілікті бапкерлерге тұрақты түрде әдістемелік қолдау көрсетіп отырады.

Астанада бастау алған бұл бастама алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасын таппақ.

PSG Academy – 2005 жылы құрылған, бүгінде әлемдегі ең ірі әрі беделді футбол академияларының бірі. Жоба аясында жер шарының 24 елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын бұл академияларда 50 мыңнан астам жас футболшы кәсіби шеберлігін шыңдайды.

Ұқсас жаңалықтар