Қорғаныс министрлігі тамыз және қыркүйек айларында еліміздің әртүрлі өңірлерінде әскери техника, қару-жарақ пен жеке құрамның автокөлік жолдары арқылы тасымалданатынын мәлімдеді. Бұл «Батыл тойтарыс – 2026» кешенді оқу-жаттығуына дайындықпен байланысты.
Оқу-жаттығу Қазақстанның барлық өңіріндегі әскери полигондарда өтеді. Оның негізгі мақсаты – Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен түрлі жағдайда қойылған міндеттерді орындау қабілетін тексеру.
«Оқу-жаттығу барысында әскерлерді қолдану, құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте бірыңғай жедел түрде өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері пысықталады», – деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
Ведомство тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарын ресми ақпаратқа ғана сенуге, расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.