Маңғыстау облысында 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова сол күнге қатысты ұлының айтқан тағы бір оқиғасын бөлісті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында баяндады, деп хабарлайды otirikemes.kz
Анасының айтуынша, Ақжол ауруханада ем қабылдап жатқанда одан оқиға кезінде қандай жағдай болғанын сұраған. Сонда ұлы ең қиын сәтте бір адамның дауысы оған күш бергенін айтқан.
Ақжолтың есінде қалған дауыс: «Ақжол, Досым, шыдашы, құрттай ғана қалды!» деген сөздерді қайталаған.
Осыдан кейін Самал Кеуелова ұлының амандығына шүкіршілік етіп, Бекетті іздеп, оған алғыс айтуды ойлаған. Алайда кейін Бекет пен Никитаның да ауруханаға түскенін естіген. Сол кезде балалардың жүздесіп, бірге уақыт өткізуі үшін дастарқан әзірлеген.
Бірақ анасы бір жайтқа мән берген. Ақжол мен Бекет әңгімелескенде бір-біріне «Досым» деп сөйлемеген. Мұның себебін сұрағанда, ұлының жауабы оны қатты таңғалдырған.
Белгілі болғандай, оқиға болған сәтте Бекет Ақжолды көрмеген. Соған қарамастан, Ақжол біреудің дауысын анық естіген. Ал «Досым» деп үнемі сөйлейтін адам – Азамат болған.
«Осыны естіген сәтте ойыма бірден Азамат түсті… Өйткені Азамат Ақжолға үнемі “Досым” деп сөйлейтін еді ғой. Азамат…» – деп жазды Самал Кеуелова.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Алғашқы ақпаратта тоғыз сарбаздың көз жұмғаны хабарланған еді.
Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Аталған дерек бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура қылмыстық іс аясында күдікті лауазымды тұлғалардың анықталғанын мәлімдеді. 25 қыркүйек күні таңертең соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылды.
Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады.