Ақтөбеде тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, ғимараттың бір бөлігі қирады. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды otirikemes.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Тәуелсіздік көшесі, 14/1 мекенжайында, «Алтын Орда» ауданында болған. Жарылыс бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада тіркелген.
Төтенше жағдай салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс бөлігі опырылып, артынша өрт шыққан. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезе конструкциялары зақымданған.
«Оқиға орнына облыстық ТЖД күштері мен құралдары жедел жетті. Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Өртті сөндіруге ТЖД-ның 40-тан астам жеке құрамы мен арнайы техникасы жұмылдырылған. Оқиға орнында облыстық ТЖД бастығы да жүр.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларда ғимарат үстінен қою түтін көтерілгені және жақын маңда зақымданған автокөлік тұрғаны байқалады.