Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген елімізде футболды дамыту және өңірлерде спорттық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында ірі жоба бастау алды. Қазақстан Республикасының Үкіметі Ақтөбеде жаңа заманауи футбол стадионын салу үшін резервтен 6,5 миллиард теңге бөлді.
Жаңа арена қандай болады?
Сыйымдылығы 35 мың көрерменге шақталған жаңа стадион қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта бой көтереді. УЕФА-ның ең жоғары 4-деңгейлі талаптарына сай жобаланған бұл кешен өңірдегі ең ірі спорттық инфрақұрылым нысандарының біріне айналмақ.
Бес қабаттан тұратын спорт ғимаратының жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады. Футбол алаңы мен көрермендер трибунасынан бөлек, мұнда командаларға, медиа өкілдеріне арналған заманауи бөлмелер мен жас спортшыларды даярлайтын орталықтар қарастырылған.
Құрылыс кезеңдері
Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Үкімет тарапынан бөлінген 6,5 млрд теңге биыл басталған алғашқы кезеңнің жұмыстарына бағытталады. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың қыркүйегінде толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа стадион неге қажет?
Ақтөбенің қазіргі Орталық стадионы 1975 жылы салынған әрі бар болғаны 13 мың көрерменге арналған. Соңғы жылдары «Ақтөбе» футбол клубының өз алаңындағы матчтарына жанкүйерлердің сұранысы күрт артты: маңызды ойындарды стадионнан тамашалағысы келетіндер саны арена сыйымдылығынан үш есеге дейін асып түсіп жатады.
Сондықтан жаңа заманауи арена салу — қала үшін кезек күттірмейтін қажеттілік еді. Бұл нысан халықаралық деңгейдегі ресми матчтарды, ірі спорттық, мәдени және қоғамдық шараларды жоғары деңгейде өткізуге толық мүмкіндік береді.