Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғаннан бері оның көмегімен 15 мыңға жуық бала дүниеге келген. 2021 жылдан бері бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандырудың (ЭКҰ) шамамен 37 мың циклі өткізілді. Қазіргі таңда жыл сайынғы квота саны 7 мыңға дейін жеткізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, елімізде қосалқы репродуктивтік технологиялардың қолжетімділігі біртіндеп артып келеді. Қазақстандағы отбасылардың шамамен 15%-ы бедеулік мәселесімен бетпе-бет келеді. Жыл сайын осы мәселеге байланысты медициналық көмекке шамамен 20,5 мың жұп жүгінеді.
«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы іске қосылған. Жоба репродуктивтік технологияларды қажет ететін отбасыларға мемлекеттік қолдауды кеңейтуге мүмкіндік берді.
Елімізде репродуктивтік медицина инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. 2004 жылы ЭКҰ қызметін небәрі төрт клиника көрсетсе, 2025 жылға қарай олардың саны 32-ге жетті. Осы уақыт аралығында қосалқы репродуктивтік технологиялар арқылы жүргізілетін циклдер саны сегіз еседен астам көбейіп, жылына 18,6 мыңға дейін өскен.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, пренаталдық диагностика саласында да оң өзгерістер бар. 2026 жылдың алғашқы алты айында ультрадыбыстық зерттеу барысында туа біткен даму ақауларын анықтау көрсеткіші 13,8%-ға өскен. Ал туа біткен ақаулар мен хромосомалық бұзылыстармен дүниеге келген балалардың саны 25,6%-ға азайған.
Алты ай ішінде «Бір күндік клиника» жобасы аясында шамамен 66 мың жүкті әйел алғашқы скринингтен өткен. Бұл тәсіл жүктілік кезіндегі ықтимал қауіптерді ерте кезеңде анықтап, қажет болған жағдайда әйелдерді қосымша медициналық тексеруге бағыттауға мүмкіндік береді.
Министрлік репродуктивтік медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру және ерте диагностика сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастырмақ. Негізгі мақсат – заманауи медициналық технологияларды еліміздің барлық өңіріндегі отбасыларға қолжетімді ету.