Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалына математика мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин директор болып тағайындалды, деп хабарлайды otirikemes.kz.
Бұған дейін мектепті басқарған Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады.
Алмаз Күнғожин осы мектепте білім алған. РФММ-да мұғалім, математикадан олимпиадаға дайындайтын жаттықтырушы және директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары болған. Ол 2018 жылдан 2023 жылға дейін мектепті басқарған. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФМШ» КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске сала кетейік, қазан айында Алматыдағы РФММ оқушылары жаппай сырқаттанып, мектеп қызметі уақытша тоқтатылған еді. Жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылған балалардың мектеп интернатында тұрғаны хабарланған.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға түскен 58 оқушының барлығы емін аяқтап, стационардан шығарылғанын мәлімдеді. Мамандар байланыста болған адамдарды бақылауға алып, эпидемияға қарсы шаралар жүргізді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мектепте тамақтануды ұйымдастырған «Master Food» ЖШС-нің ас блогын тексеру кезінде бірқатар талаптың бұзылғаны анықталған. Олар азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыруға қатысты болған.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқушылардың жаппай сырқаттануының түпкілікті себептері әлі анықталған жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру мен полицияның тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.