21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Алматыда ҚазҰУ-дың тағы бір студенті көз жұмды: күдікті ұсталды

Алматыда ҚазҰУ-дың тағы бір студенті көз жұмды: күдікті ұсталды
Photo: ҚазҰУ

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір студенттің қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл жолы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды otirikemes.kz tizgin.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жағдай бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Тергеу барысында күдікті анықталып, қолға түскен.

Алайда қазіргі уақытта студенттің қандай жағдайда қайтыс болғаны және қылмыстық істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің нақты қай бабы бойынша қозғалғаны туралы ақпарат берілген жоқ.

Студенттің көз жұмғанын университеттің баспасөз қызметі де растады. Оқу орнының мәліметінше, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын құқық қорғау органдары жүргізіп жатыр. Университет тергеу барысына қажетті көмекті көрсетуде.

Әлеуметтік желілерде студенттің өліміне қатысты түрлі болжамдар тарағанымен, олардың ешқайсысы ресми түрде расталмаған. Полиция тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның толық мәліметін әзірге жария етпей отыр.

Айта кетейік, бұған дейін, 6 қарашада Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған. Аталған оқиға бойынша да құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Студенттің өлім себебі мен оқиғаның нақты мән-жайына қатысты түпкілікті ресми қорытынды әзірге жарияланған жоқ.

Ұқсас жаңалықтар