Қыркүйектің алғашқы күндері Алматының көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме едеуір артады. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты жолда жеке автокөліктер мен жүргіншілер санының көбейетіні белгілі. Осыған орай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік кептелісін азайту және қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында Алматы қаласының әкімдігі бірқатар кешенді шара қабылдады.
Мекемелер қашықтан жұмыс істеу форматына көшеді
Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен оларға қарасты ұйымдар 2026 жылғы 1–5 қыркүйек аралығында қызметкерлерінің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырады.
Сондай-ақ қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктерге және өзге де мекемелерге қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлерді қашықтан жұмыс істету немесе жұмыс күнінің басталу графигін икемді ету ұсынылды.
Арнайы мектеп автобустары мен қауіпсіздік
Оқушыларды тасымалдау үшін 60 мектепке 300 арнайы автобус жұмылдырылып, 13 мыңнан астам баланы қамтиды.
1 қыркүйек күні таңертең мектептердің маңында, жүргіншілер өткелдері мен көлік қозғалысы тығыз учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының аумағы тәулік бойы бейнебақылауда болады.
Әкімшілік полициямен бірлескен тексеріс барысында бағдаршамдар мен жол белгілеріндегі 140-тан астам кемшілік жойылды. Тұрғындардан жеке автокөлікпен мектептің кіреберісіне дейін бармау сұралады.
Қоғамдық көлік пен метро жұмысы күшейтіледі
Оқу жылының алғашқы екі аптасында жолаушылар ағынын реттеу үшін:
-
Автобустар: Қолданыстағы 3 200 автобусқа қосымша резервтен 500-ге жуық автобус желіге шығарылады. Бұл қарбалас уақытта аралық интервалды қысқартуға мүмкіндік береді.
-
Метро: Пойыздар саны 11-ден 13 құрамға дейін көбейтіліп, таңғы уақытта аралық интервал 3 минутқа дейін қысқарады.
Жүк көліктеріне шектеу қойылады
Қыркүйектің алғашқы аптасында салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің белгіленген учаскелерде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруіне салынған тыйым қатаң бақыланады ( бұл шектеу қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін тасымалдарға қатысты емес).
Алматы әкімдігі қала тұрғындарынан жол бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше таңғы уақытта қоғамдық көлік пен метроны пайдалануды сұрайды.