Үкімет отырысында Alatau City қаласын дамыту жобаларының қазіргі жағдайы талқыланды. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде қаланың инвестициялық портфеліне 67 жоба кіріп отыр. Олардың жалпы құны шамамен 6,9 млрд долларды құрайды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Қазір қалада PepsiCo, Sunny Paper, Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс» және G-Trans Serviceкомпанияларының өндірістік және логистикалық жобалары іске асырылып жатыр. Сонымен бірге Iconic Complexжәне KIND K-Smart Town сияқты ірі жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Alatau Crypto City бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық банкпен бірлесіп Tokenization by Default тұжырымдамасы әзірленген. Токенизация жобаларына 43 халықаралық және қазақстандық компанияқызығушылық танытқан. Оларды 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін 26 жоба қарастырылған. Олар электр және сумен жабдықтау, су бұру жүйелері мен жол инфрақұрылымын қамтиды. Жоспарға сәйкес, 61,2 шақырым жол жөнделіп, тағы 15 шақырым жаңа жол салынуы тиіс.
Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, Alatau City инфрақұрылымын дамыту қарқынын жеделдетуді тапсырды.