21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Абай облысында жоғалған 68 жастағы ер адам 8 шақырым жерден табылды

Абай облысында жоғалған 68 жастағы ер адам 8 шақырым жерден табылды
Бейнежазбадан скриншот

Абай облысында таңертең үйінен шығып, қайта оралмаған 68 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды otirikemes.kz ҚР ТЖМ телеграм каналына сілтеме жасап.

Оны іздестіру жұмыстарына құтқарушылар жұмылдырылды. Оқиға Жаңасемей ауданының Бұлақ ауылында болған. Бүгін 1958 жылы туған тұрғынның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, ер адам адасып, жолынан жаңылуы мүмкін. Сонымен қатар оның жанында ұялы телефоны болмаған.

Іздестіру жұмыстарына Семей қаласындағы жедел-құтқару жасағының мамандары тартылды. Құтқарушылар іздеу барысында квадроцикл мен ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланған.

Нәтижесінде ер адам Бұлақ ауылынан 8 шақырым жерден, Өскемен қаласына қарай бағытта табылды.

Құтқарылған азаматтың медициналық көмекке мұқтаж болмағаны хабарланды. Кейін ол полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Ұқсас жаңалықтар