22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

70 жылдан кейін қазақ даласына жолбарыс қайта оралды

70 жылдан кейін қазақ даласына жолбарыс қайта оралды
hhhh

2026 жылдың 31 шілдесі еліміздің экология саласында тарихи дата ретінде қалмақ. Себебі дәл осы күні «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Амур жолбарысының Үміт есімді аналығы табиғи ортаға жіберілді.

Бұл жойылған жыртқышты тарихи ареалына қайтару және популяциясын қалпына келтіруге бағытталған масштабты жобаның алғашқы практикалық нәтижесі.

Салтанатты шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі әрі «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Чуйченко, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысты.

«Қазақстанда жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінгі оқиға – мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көпжылдық еңбегінің жемісі. Алда орнықты популяция қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр», — деді Экология министрі.

Табиғи экожүйені қалпына келтіруге бағытталған бұл жобаға дайындық 10 жылдан астам уақытқа созылды. Осы аралықта: Арнайы «Іле-Балқаш» резерваты құрылып, инфрақұрылымы жасақталды. Жолбарыстардың басты қорегі саналатын жабайы тұяқты жануарлар саны артып, табиғи тепе-теңдік түзеле бастады. Жануарларды бейімдеуге арналған арнайы вольерлер бой көтерді.

Неге Амур жолбарысы таңдалды?

Бұған дейін Іле өзенінің бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірін мекендеген Тұран жолбарысы ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың оталуы мен браконьерлік салдарынан мүлдем жойылып кеткен еді.

Заманауи генетикалық зерттеулер Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысының ДНҚ-сы өте ұқсас екенін дәлелдеді. Соның арқасында ғылыми қауымдастық Амур жолбарысын реинтродукция (қайта жерсіндіру) бағдарламасы үшін ең қолайлы бастапқы түр деп таныды.

Үміттің Еркіндікке қадамы және өзге жолбарыстардың тағдыры

2026 жылдың мамырында Ресей тарапының қолдауымен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілген еді. Резерваттағы бейімдеуден кейін Үмітке жан-жақты ветеринариялық тексеру жүргізіліп, оның аңшылық қабілеті мен адамға реакциясы сыналды.

Жабдықталған GPS/GSM спутниктік қарғыбауы арқылы мамандар қазір Үміттің қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін тәулік бойы бақылап отыр.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда аталық жолбарыс арнайы мінез-құлық сынақтарынан өтуде. Дайындығы расталған соң ол да табиғатқа жіберіледі. Ал екі жас бөлтірік (6–7 айлық): резерват вольерінде өсіп жатыр. Олар 18 айға толғанға дейін мамандардың бақылауында болады, кейін жеке тексеріс қорытындысымен табиғатқа жіберу мәселесі шешіледі.

Жолбарыс - экожүйедегі басты жыртқыш. Оның оралуы Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи тепе-теңдігін сақтауға жол ашады. Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың түпкі мақсаты - Іле өзені алабында жолбарыстардың өзіндік, тұрақты популяциясын толық қалыптастыру.

Ұқсас жаңалықтар