22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Экономика

4 тамыздан бастап жеке кәсіп ашқандарға жаңа тәртіп енгізілді

4 тамыздан бастап жеке кәсіп ашқандарға жаңа тәртіп енгізілді
unsplash.com

Қазақстанда кәсіпкерлік қызметін енді бастаған азаматтарға қатысты жаңа норма күшіне енді. 2026 жылғы 4 тамыздан бастап тіркелген барлық жеке кәсіпкерлер автоматты түрде микрокәсіпкерлік субъектісі ретінде танылады.

Өзгеріс Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 17 шілдедегі №106 бұйрығымен енгізілді. Құжат 20 шілдеде Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, 24 шілдеде ресми жарияланған.

Бұйрықта: «Жаңадан тіркелген дара кәсіпкерлер микрокәсіпкерлік субъектілерінің санатына жатады» деп көрсетілген.

Осыған дейін кәсіпкерлік субъектісінің санаты жұмыскерлердің орташа жылдық саны мен бизнестің орташа жылдық кірісі негізінде анықталатын. Алайда жаңадан ашылған жеке кәсіпкерде мұндай көрсеткіштер болмағандықтан, бұл мәселе нормативтік деңгейде нақтыланды.

Енді 2026 жылғы 4 тамыздан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматқа микрокәсіпкерлік мәртебесін алу үшін қосымша өтініш берудің немесе кірісіне қатысты мәлімет ұсынудың қажеті жоқ. Мәртебе тіркелген күннен бастап автоматты түрде беріледі.

Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, микрокәсіпкерлік субъектісі деп жұмыскерлерінің орташа жылдық саны 15 адамнан аспайтын немесе орташа жылдық табысы 30 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бизнес танылады.

2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгені құрайды. Соған сәйкес, 30 мың АЕК – 129,75 млн теңге.

Яғни қолданыстағы талапқа сәйкес, жұмыскерлер саны 15 адамнан көп емес немесе жылдық орташа кірісі 129,75 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер микрокәсіпкерлік субъектілері санатына жатады.

Ұқсас жаңалықтар