Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарлама негізінде оқытылады.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Астанада өткен республикалық секция барысында пәннің жаңартылған мазмұны, оқытудың заманауи әдістері және мұғалімдердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптар таныстырылды. Іс-шараға Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірлерден келген әдіскерлер мен АӘД пәні оқытушылары қатысты.
Жаңартылған бағдарлама әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған. Өзгерістер 2025 жылғы шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген түзетулер негізінде әзірленді.
1 қыркүйектен бастап пән «Алғашқы әскери дайындық» атауымен қайта оқытылады. Сонымен қатар оқу форматы мен пән мазмұны өзгереді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары әскери оқу орындарында ұйымдастырылады.
Іс-шарада әдіскерлер, PhD докторлары мен профессорлар алғашқы әскери дайындықты ұйымдастыру және әскери-патриоттық тәрбие берудің заманауи тәсілдерімен бөлісті.