АҚШ Президенті Дональд Трамп Тегеранға бағытталған «ауқымды» әскери соққыларды соңғы сәтте тоқтатып, Иран тарапымен жаңа диалог кезеңі басталғанын хабарлады. Дегенмен, Вашингтонның бұл мәлімдемесін Иран билігі әлі ресми түрде растаған жоқ.
Жұма күні АҚШ Кабинетінің отырысында Иранға қарсы әскери операцияның егжей-тегжейі талқыланып, сенбіде Трамп әлеуметтік желіде Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған жойқын күш қолдануға дайын екенін ескерткен еді.
Алайда, президенттік Air Force One бортында журналистермен тілдескен Дональд Трамп бұл шабуылдан бас тартуға өңірдегі басты одақтастарының ықпал еткенін жеткізді. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мухаммед бен Салман, сондай-ақ БАӘ мен Катар басшылары АҚШ президентіне хабарласып, демалыс күндері соққы бермеуді өтiнген. Араб елдерінің пайымдауынша, тараптар арасындағы негізгі келісімнің шарттары дерлік дайын.
Трамп Ормуз бұғазындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша мәміле жасалғанын және жақын арада ядролық бағдарлама бойынша да ортақ шешім табылатынына сенім білдірді.
«Олар біздің қандай соққы дайындағанымызды көрді және оның ауқымын түсінді. Мен адамдардың өмірін қиғым келмейді. Біз кез келген уақытта әрекет етуге дайынбыз, бірақ оқиғалардың қалай өрбитінін көреміз», — деді АҚШ басшысы.
Тегеранның реакциясы мен мұнай нарығындағы өзгеріс
Вашингтон келіссөздердің басталатынын жар салғанымен, Иран тарапы кездесудің орны мен уақытын ресми түрде қуаттаған жоқ. Тек жексенбі күні Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Оманның дәнекерлігімен Ормуз бұғазына қатысты консультациялардың жоспарға сай өтіп жатқанын және аяқталуға жақын екенін айтты.
Соған қарамастан, АҚШ Президентінің әскери риторикадан дипломатиялық форматқа ойысуы шиеленісті бәсеңдетіп, әлемдік мұнай нарығына бірден әсер етті: Brent маркалы мұнай бағасы азиялық сессияда 45%-ға арзандап, барреліне 83,98 долларға түсті. WTI (американдық мұнай) бағасы 4,6%-ға төмендеп, 80,74 долларды құрады.
Әзірге жоспарланған келіссөздердің қай жерде өтетіні және оған кімдердің қатысатыны белгісіз.