Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастықтың қарқынды сипатын жоғары бағалады.
Кездесу басында Владимир Путин Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ресей Президентінің айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдары кең қолдау тапқанын дәлелдейді.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті құттықтау үшін ризашылығын білдіріп, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар барысына тоқталды:
«Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өткен жылмен салыстырғанда сауда-саттықта өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресей Федерациясының Президенті де серіктестіктің оң динамикасын назардан тыс қалдырмады. Ол үкіметаралық комиссияның белсенді жұмысын және гуманитарлық саладағы байланыстардың жандана түскенін айтты.
«Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды, биыл да өсім байқалады. Гуманитарлық саладағы байланыстарымыз қуантады: қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр, жуырда ғана Омбы қаласында Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған», — деді Владимир Путин.
Кездесу соңында Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін және халықаралық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылады.