Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды otirikemes.kz Ақорда telegram-арнасына сілтеме жасап.
Саммитке Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Кездесу барысында мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылап, Ұйымның 2026 жылғы қызметінің қорытындысын бағалады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттарында күш-жігерді біріктіру қажеттігіне назар аударды. Әсіресе жасанды интеллект технологияларының ықпалы артып келе жатқан жағдайда ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызына тоқталды.
Сөз соңында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға алдағы уақытта төрағалық ететін Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, жауапты миссиясына сәттілік тіледі.
Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды
Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.