22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Әлем

Сингапур әр балаға 55 мың доллардан береді

Сингапур әр балаға 55 мың доллардан береді
unsplash.com

Сингапур үкіметі елдегі туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты отбасыларды қолдау бағдарламасын кеңейтпек. Жаңа шара аясында әр балаға туғаннан 17 жасқа дейін жалпы сомасы шамамен 70 мың сингапур доллары, яғни 55 мың АҚШ долларына жуық қаржы бөлінеді.

Премьер-министр Лоуренс Вон халыққа жолдауында балаға берілетін жәрдемақы мен ата-ана демалысы жүйесіне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.

Жаңа туған әрбір Сингапур азаматына бір реттік 10 мың сингапур доллары төленеді. Кейінгі әлеуметтік қолдау шараларын қоса есептегенде, 17 жасқа дейінгі балаға берілетін көмектің жалпы көлемі 70 мың сингапур долларына дейін жетеді.

Сонымен қатар билік балабақша мен мектепке дейінгі білімді қолжетімді етуді, ата-ана демалысын ұзартуға қолдау көрсетуді және балалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік баспана алуда да отбасыларға қосымша мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Бұл шаралар Сингапурда туу деңгейінің рекордтық төмендеуіне байланысты қабылданып отыр. Қазір елдегі жалпы туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 0,87 балаға дейін түскен. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең төмен деңгейдің бірі саналатын Оңтүстік Кореядағы 0,8 көрсеткішіне жақын.

Демографтардың бағалауынша, таза иммиграция болмаған жағдайда халық санының тұрақты болуы үшін бұл көрсеткіш шамамен 2,1 деңгейінде болуы қажет.

Ұқсас жаңалықтар