Сыртқы істер министрлігі Грекияда сотталған Қазақстан азаматы Рашид Қадыровтың ісіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрхан Қадырова ұлы Рашид Қадыровқа қолдау көрсетуді сұрап, министрлікке жүгінген. Оның сөзінше, 24 жастағы жігіт Түркиядағы жұмысқа орналасу туралы Instagram желісіндегі хабарландыруға сеніп, кейін халықаралық қылмыстық схеманың құрбанына айналған. БАҚ-та оның Грекияда 125 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы ақпарат тараған.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар екенін растады.
«Аталған азамат Грекия сотының шешімімен заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін сотталды. Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл әрекет ауыр қылмыс санатына жатады. Грекиядағы қазақстандық дипломаттар өз құзыреті аясында азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – деп хабарлады СІМ.