Қазақстанда шілде айында ресми дилерлер 21 371 жаңа автокөлік өткізді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың шілдесімен салыстырғанда 5,9%-ға жоғары.
Қазақстан автокөлік одағының дерегіне сәйкес, қаңтар-шілде аралығында елде 127 260 жаңа автомобиль сатылған. Бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 1,7%-ды құрады.
Шілде айындағы сатылым бойынша Hyundai көш бастады. Бір айда дилерлер 3 712 көлік сатқан.
Екінші орын Chevrolet маркасына тиесілі. Алайда брендтің сатылымы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 29,5%-ға азайып, 2 855 көлікті құрады.
Үздік үштікті Kia түйіндеді. Шілдеде бұл марканың 2 492 автокөлігі сатылып, көрсеткіш бір жылда 14,8%-ға өскен.
Kia-ға Changan да жақындады. Шілде айында дилерлер 2 456 Changan көлігін өткізді. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 171,7%-ға көп. Осылайша, Changan Kia-дан небәрі 36 көлікке қалып қойды.
Үздік бестікте Chery де бар. Оның шілдедегі сатылымы 1 543 автокөлікті құрады.
Ал үздік ондыққа кірген басқа маркалардың нәтижесі мынадай:
-
Jetour – 1 129 көлік;
-
Toyota – 1 019;
-
JAC – 994;
-
Geely – 868;
-
Haval – 864.
Модельдер арасында Chevrolet Cobalt көшбасшылық орнын сақтап қалды. Шілдеде оның 2 682 данасы сатылған.
Екінші орында Hyundai Tucson – 1 851 көлік. Үшінші орынға Changan CS35 Max жайғасып, 1 070 автокөлік сатылды.
Kia Cerato да үздік бестікке қайта оралып, 1 031 көлікпен төртінші орын алды. Ал бесінші орында 820 данамен Kia Sportage тұр.