Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар барысында отандық өнім өндірушілерге басымдық берілуі тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда қажетті тауар өндіріліп жатса, оны шетелден сатып алу дұрыс емес, деп хабарлайды otirikemes.kz
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр бюджет қаражаты ең алдымен отандық компанияларды қолдауға бағытталуы керектігін атап өтті. Яғни мемлекеттік қаржыға жүзеге асырылатын жобаларда қазақстандық мердігерлермен қатар, елде өндірілген материалдар мен тауарлар пайдаланылуы қажет.
«Қарапайым тілмен айтқанда, бюджеттен қаражат бөлінсе, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек. Ал сол ақшаға сатып алынатын материалдар мен тауарлар да отандық өнім болуы тиіс. Бұл – бәріміз ұстануға тиіс қарапайым қағидат.
Егер Қазақстанда белгілі бір тауар өндірілсе, оны сатып алмай, шетелден импорттау – мемлекет мүддесіне қайшы әрекет», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы бұл талапты барлық мемлекеттік органдар мен өңір басшылары қатаң ескеруі керектігін ескертті.