2026 жылғы 20 қазаннан бастап қазақстандық SCAT әуе компаниясы Шымкент пен Сингапур арасында рейстер орындай бастайды. Ұшақтар Қытайдың Санья қаласы арқылы транзитпен аптасына екі рет қатынайды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыт «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын пайдалануымен ерекшеленеді. Бұл жолаушыларға Шымкенттен Саньяға ұшып, сол жерден Сингапурға сапарын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар SCAT Санья мен Сингапур арасында да жолаушылар тасымалдай алады. Яғни жаңа бағыт Қазақстан–Сингапур бағытынан бөлек, Қытай–Сингапур арасындағы әуе қатынасын да қамтиды.
Министрлік бұл бағыттың іске қосылуы Қазақстан мен Сингапур арасындағы туризм, инвестиция және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ жаңа рейс Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік әуе хабы ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.