Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды otirikemes.kz Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, арнайы қызметті реформалау міндеттерін тиімді жүзеге асыру үшін басшылық құрамда кадрлық өзгерістер жүргізу қажет.
Сондай-ақ Ермек Сағымбаевты қызметінен босату кезінде жемқорлыққа қатысты лауазымды тұлғаларды ұстау барысында күштік құрылымдар тарапынан жіберілген қателіктер де ескерілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшыларына қатысты іс бойынша жемқорлық сипаты айқын екенін атап өтті. Оның сөзінше, тергеу амалдары кезінде фигуранттардың әрекеттері мұны растаған.
Президент жүргізіліп жатқан тергеу шаралары туралы бастапқы кезеңнен хабардар болған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз қалатыны айтылды.
Бұдан бөлек, бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен де кездесу өткізді.
Жиында Президент қызметтік тәртіпті нығайту, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлер құрамының арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттігі ескертілді.