22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Мәдениет

Қазақстанда алғаш рет Қазақы тазы күні атап өтілуде

Қазақстанда алғаш рет Қазақы тазы күні атап өтілуде
Ақорда

Бүгін Қазақстанда айтулы да тарихи оқиға - Қазақы тазы күні алғаш рет ресми түрде атап өтілуде. Бұл ерекше мерекелік дата Үкімет қаулысымен 2026 жылы еліміздің ресми мерекелік күндер тізбесіне енгізілген болатын.

Мерекенің 3 қыркүйекке бекітілуінің өзіндік терең мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала ресми түрде танып, №372 стандартын бекітті. Осылайша Қазақстан бұл асыл тұқымның ресми түрде шыққан отаны ретінде әлемдік деңгейде бекітілді.

«Жеті қазынаның» бірі әрі ұлттық мұра

Қазақы тазы - халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігімен, Ұлы дала мәдениетімен және дәстүрлі аңшылық өнерімен біте қайнасқан ұлттық құндылығымыз. Назар аударарлығы, FCI-дің ресми стандартында да тазы қазақ халқының «Жеті қазынасының» бірі, ер азаматтың сенімді серігі ретінде ерекше атап өтілген.

Бүгінгі таңда ұлттық тұқымды сақтау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан кинологтар Одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде тазыларды анықтау, сұрыптау, құжаттандыру, олардың денсаулығы мен табиғи қасиеттерін сақтау бойынша ауқымды шаралар жалғасып жатыр.

Әлемдік аренадағы топжару

Қазақы тазы халықаралық деңгейде де өзінің жоғары мәртебесін дәлелдеп келеді. Оған дәлел - 2026 жылы Италияның Болонья қаласында өткен «World Dog Show» дүниежүзілік көрмесі. Аталған беделді додада қазақы тазы өкілдері озық нәтижелер көрсетіп, әлем чемпиондары атағын жеңіп алды. Бұл - ұлттық тұқымның халықаралық беделін арттырып, Қазақстанның бай мәдени мұрасын жаһанға паш етуге жол ашқан маңызды жетістік.

Асыл тұқымды сақтау - ортақ міндет

Қазақы тазыны дәріптеу - тек оның атауын насихаттаумен шектелмейді. Ең басты мақсат - бұл тұқымның генетикалық қорын сақтау, сауатты асылдандыру жұмыстарын жүргізу, оның денсаулығы мен табиғи аңшылық қабілеттеріне жауапкершілікпен қарау және асыл қазынамызды келер ұрпаққа аман-есен жеткізу болып табылады.

Қазақы тазы - Ұлы даланың еркіндік рухын, халқымыздың табиғатпен үндестігін және ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық дәстүрді бойына сіңірген баға жетпес мұрамыз. Ал оны көздің қарашығындай сақтау және әлемге таныту - әрбірімізге жүктелген ортақ міндет.

Ұқсас жаңалықтар