Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жоспарланған іс-шаралардың 70%-ы толық орындалды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды otirikemes.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындаған.
Биыл 29 қаңтарда бекітілген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы төрт бағытты қамтиды. Олар – балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығын сақтау, отбасында тәрбиеленуі және әлеуметтік қорғалуы. Құжатта 158 іс-шара мен 10 индикатор белгіленген. Оны жүзеге асыруға бес жыл ішінде 1,3 трлн теңге қарастырылған.
Балаларға арналған инвестиция үш есе өсті
Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады. Олардың игілігі үшін мемлекет тарапынан бөлінетін инвестиция үш есе өсіп, 6,4 трлн теңгеге жетті.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2026 жылы балалардың арнайы шоттарына 901,7 млн АҚШ доллары аударылды. Сонымен қатар «Келешек» білім беру жинақтау жүйесі енгізілді.
217 «Келешек мектебі» салынды
Мемлекет басшысының бастамасымен 460 мың оқушы орнына арналған 217 «Келешек мектебі» салынды. Оның 84-і ауылдық жерде орналасқан. Жоба 12 апатты және 54 үш ауысымды мектеп мәселесін шешті.
Соңғы жеті жылда елімізде 1 342 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылды. Қазір тағы 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстандағы 8 мыңнан астам мектепте 4 миллион оқушы білім алады. 2026–2027 оқу жылында 382 мың бала бірінші сыныпқа қабылданған.
Оқушылар халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр
5 мыңнан астам оқушы 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1 067 медаль жеңіп алды. Оның 204-і алтын, 356-сы күміс, 507-сі қола.
Сонымен қатар орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілуде. Алғашқы кезеңде 500 пилоттық мектеп қамтылып, 240 мың педагог оқытылды. 2028 жылы 2 600 шағын жинақты мектепті толық қамту жоспарланған.
Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық қолдауы күшейтіледі
Балалардың құқықтарын қорғау бағытында соңғы жылдары 11-ден астам заң қабылданды. Зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидаты бекітіліп, балаларға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Буллинг пен балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілді.
Еліміздің 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары, 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып, шамамен 200 маман қызмет атқарады.
«ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасы буллинг деңгейін 2,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.
PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың өмірге қанағаттану деңгейі 10 балдық шкала бойынша 8,63 балды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз 83 елдің арасында бірінші орынға ие болды.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсетіледі
Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала есепте тұр. Оларға 541 арнайы ұйым мен 11 мың арнайы педагог қызмет көрсетеді.
Қазіргі уақытта 3 008 арнайы маман жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін колледждерде логопедтер мен педагог-ассистенттер даярланып жатыр.
Алдағы үш жылда еліміздің өңірлерінде жаңа үлгідегі 20 арнайы мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамытуға арналған 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспар қабылданды.
3,3 млн бала жазғы демалыспен қамтылды
2026 жылы 3,3 млн бала жазғы демалыс пен сауықтыру шараларына қатысты. Балаларға арналған білім беру-сауықтыру ұйымдарын міндетті лицензиялау жүйесі енгізіліп, 170 ұйымның 134-і лицензия алды.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 12 мыңға жуық ұйым жұмыс істейді. Онда 1,1 млн-нан астам бала тәрбиеленіп, білім алады.
20 қала мен 23 ауданда енгізілген пилоттық жоба аясында 1,3 млн ваучер берілді. Бұл бюджет қаражатын 47,6 млрд теңгеге үнемдеп, балабақша кезегін 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
3 576 жетім бала пәтер алды
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасылық ортада тәрбиеленуде. Қорғаншылық саласындағы мамандар саны 303-тен 1 029-ға дейін өсті.
2026 жылы 3 576 жетім бала пәтер алды. Алайда тұрғын үй кезегінде әлі 59 мың бала тұр.
Сонымен қатар 1,7 млн бірінші-төртінші сынып оқушысы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Жалпыға міндетті білім беру қоры арқылы 421 380 оқушыға 22 млрд теңгеге көмек көрсетілді.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында балалардың әл-ауқаты индексін 68 балға, құқықтық қорғалу деңгейін 97%-ға жеткізу жоспарланған.
Министрдің айтуынша, балалардың болашағы – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Тұжырымдаманың басты мақсаты – қабылданған шешімдердің әр баланың өмірінде нақты нәтижеге айналуы.