22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрылтай қызметінде жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрылтай қызметінде жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажет
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне арнайы тоқталды.

Президенттің айтуынша, заң шығару - аса жауапты жұмыс, ал қабылданатын құжаттар әділетті, халыққа түсінікті әрі заман талабына сай болуы тиіс.

«Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек», – деді Мемлекет басшысы.

«Е-Parliament» жүйесі және сандық бәсеке

Президент өзінің бастамасымен қазіргі таңда «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жүйе түйткілді мәселелерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы басты мақсат - цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру екенін айтып, құзырлы органдарға депутаттармен бірлесе отырып, бұл платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуді тапсырды. Сондай-ақ маңызды заң жобаларын сарапшылармен талқылауда қағазбастылық пен салғырттыққа жол бермеу керектігін ескертті.

Жалпыұлттық диалог алаңы

Тоқаев Құрылтайдың қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы тиіс екенін қадап айтты.

«Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс», – деп түйіндеді Президент.

Ұқсас жаңалықтар