22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Мәдениет

Отырар ауданында Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі реставрацияланып жатыр

Отырар ауданында Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі реставрацияланып жатыр
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесінде қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, бұл реставрациялық жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары жүзеге асыруда. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар тарихи нысанның түпнұсқалық келбетін сақтап, оның ұзақ жылдар бойы бұзылмай тұруын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда кесененің күмбездері арнайы қыш кірпішпен қапталу үстінде. Кірпіш қалау процесі аяқталғаннан кейін, ғимаратты ылғалдан қорғау мақсатында оның жіктері арнайы су өткізбейтін қоспамен толтырылмақ.

Сонымен қатар, кесененің ішкі бөлігінде де ауқымды жұмыстар жүргізілді: қабырғалар мен төбенің үгітіліп кеткен ескі сылақ қабаты толықтай тазаланып, қайта сыланды. Келесі кезеңде ғимараттың едені жаңартылмақ. Кесененің есіктері мен терезелері қалпына келтіріліп, қайта орнатылады.

Өзбекәлі Жәнібеков – мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі, тарих ғылымдарының кандидаты әрі белгілі этнограф.

Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың дерегінше, Өзбекәлі Жәнібеков 1980-жылдары халқымыздың ұлттық мейрамы Наурызды қайта жаңғырту мәселесі көтеріле бастағанда, бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, оның халыққа қайта оралуына зор үлес қосқан тұлға.

Ұқсас жаңалықтар