Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында елдегі басты бағдар діни шектеулер емес, мемлекет заңдары екенін, сондай-ақ білім, ғылым, өнер мен мәдениетті қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Тойдағы уағыз
Ерлан Қарин соңғы күндері әлеуметтік желіде тарап, қоғамда қызу талқыға түскен видеоға қатысты өз пікірін білдірді:
«Желіден бір азаматтың тойда тілек айтып тұрып, ерсі уағыз айтқан видеосын көріп қалдым. Оның әйелдерге қатысты орынсыз пікірлері, әншілер мен музыка өнеріне теріс көзқарасы біздің құндылықтарымызға мүлдем жат. Бұл біздің ұлттық таным-түсінігімізге сәйкес келмейді. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің басты бағдарымыз – Конституция. Елімізде бірінші орында діни шектеулер емес, мемлекет заңдары тұрады», – деп жазды Ерлан Қарин.
Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалады. Мемлекет өзге жолды – білім, ғылым, өнер мен мәдениетті жан-жақты қолдау жолын таңдағанын жеткізді.
Сондай-ақ ол көпшілік алдында адамдарды алалау мен өз көзқарасын таңу әдептілік пен сыйластық нормаларына қайшы келетінін атап өтті:
«Бiз өзара құрметтi, қарым-қатынас мәдениетiн және әрбiр адамның қадір-қасиетін жоғары қоямыз. Елiмiзде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән берiлiп отырғаны да сондықтан. Қоғам болып ұлттық болмысымызға әрі мемлекеттiк ұстанымдарымызға қайшы келетiн мұндай әрекеттерге тосқауыл қоюымыз қажет», – деп түйіндеді сөзін Ерлан Қарин.