Қазақстанда бірқатар банктің топ-менеджері болған Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-дағы арнасында жазды.
Журналистің мәліметінше, Ертаевтың жаза мерзімі аяқталған.
Босатылып, қайта қамауға алынды
Алатау қалалық соты 2025 жылғы 2 қыркүйекте Жомарт Ертаевты рақымшылық жасау туралы заң аясында босату туралы шешім шығарған. Сот өтелмеген жаза мерзімін 11 ай 16 күн деп көрсеткен.
Алайда апелляциялық сатыда өтелмеген жаза мерзімінің қате есептелгені анықталған. Осыған байланысты Ертаев бостандыққа шыққан жоқ.
Жомарт Ертаев 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы екі үкім бойынша сотталған. 2021 жылғы 25 маусымда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысымен үкімдердің жиынтығы бойынша оған түпкілікті 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жомарт Ертаев не үшін сотталды?
Қазақстандық банкир Жомарт Ертаев 2018 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланды. Ол 2011-2017 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдаланып, басқа адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы BANK RBK АҚ-нан 144 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
2018 жылғы мамырда Ертаев Мәскеуде ұсталып, 2019 жылғы 15 наурызда Қазақстанға экстрадицияланды.
Ертаевпен бірге аталған жымқыру ісі бойынша 54 адам күдікті деп танылды. Олардың арасында банктің 40-тан астам топ-менеджері мен қызметкері болды.
2020 жылғы қарашада Алматы соты Ертаевты Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша кінәлі деп таныды. Тергеу мәліметінше, банктен жалған заңды тұлғалар арқылы 80 млн доллардан астам несие алуды ұйымдастырған.
Сотта Ертаев өз кінәсін толық мойындады. Жалпы Bank RBK қаражатын жымқыру ісі бойынша 36 адам сотталды.
Ертаевқа қатысты екінші іс
2021 жылғы наурызда Жомарт Ертаев басқа қылмыстық іс бойынша да сотталды. Бұл іс Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банктің несие қаражатын жымқыруға қатысты болды.
Іс бойынша Bank RBK, «DSFK Арнайы қаржы компаниясы» ЖШС, Qazaq Banki және Еуразиялық банк жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық іс 430 томнан тұрды.
Сотта Ертаев іске қатысы болғанын мойындағанымен, қылмысты өзі ұйымдастырмағанын айтты.