АҚШ Президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен жеке дипломатиялық қарым-қатынасты қайта жандандыруға ниетті. Элиталық кездесу Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭC) саммиті аясында өтуі мүмкін. Бұл туралы Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап, Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.
Ықтимал кездесу 2026 жылдың күзіне, атап айтқанда қараша айына жоспарланған. Дональд Трамп Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭС шаралары аясында Пхеньян басшысымен жүзбе-жүз жүздесіп, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге қайта жол ашуды көздейді. Вашингон үшін бұл Иран бағытындағы нәтижелердің жоқтығы фонында ірі сыртқы саяси жетістік болуы ықтимал.
Сарапшылар не дейді?
Алайда, сарапшылар қауымдастығы бұл кездесуден айтарлықтай серпіліс болады дегенге күмәнмен қарайды. Соңғы саммиттерден бері Солтүстік Корея өзінің ядролық және зымырандық әлеуетін едәуір күшейтіп үлгерді.
Оңтүстік Корея (Сеул) тарапы диалогтың қайта жандануын жалпы қолдайды, себебі бұл Корей түбегіндегі шиеленісті азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Десе де, Оңтүстік Кореяда белгілі бір қауіп те жоқ емес: егер АҚШ мен КНДР Солтүстік Кореяны де-факто ядролық мемлекет ретінде танитын немесе оның ядролық бағдарламасына қойылатын талаптарды жұмсартатын келісімге келсе, бұл Сеулдің қауіпсіздігіне және америкалық альянсқа нұқсан келтіруі ықтимал.
Ким Чен Ынға Трамппен кездесу не үшін тиімді?
Сеулдегі Сонгюнгван университетінің саясаттану доценті, доктор Сонмин Чо The Diplomat басылымына берген түсініктемесінде Пхеньян басшысының Трамппен кездесуге ынталы болуының 6 басты себебін атап өтті:
-
Ядролық мәртебені нығайту: Трамппен өтетін саммит КНДР-ның де-факто ядролық мемлекет ретіндегі мәртебесін айшықтай түседі. Трамп бұған дейін де Солтүстік Кореяда ядролық қарудың бар екенін бірнеше рет мойындаған болатын.
-
Әскери қысымды азайту: Ким бұл келіссөздерді АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы әскери қатысуын азайтуға және Пхеньян өз қауіпсіздігіне қатер деп санайтын бірлескен америка-южнокореялық әскери жаттығуларды тоқтатуға пайдалануы мүмкін.
-
Соғыс қаупін сейілту: Трамппен жеке диалогты жандандыру Пхеньянның америкалық ықтимал әскери операциялардан қауіптенуін азайтады.
-
Қытайға тәуелділікті төмендету: АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту Солтүстік Кореяға Вашингтонды Бейжіңге қарсы салмақ ретінде пайдаланып, Қытайдан тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
-
Сеулді оқшаулау: Вашингтонмен тікелей уағдаластыққа қол жеткізу арқылы Пхеньян Корей түбегіндегі түйткілді мәселелердің Сеулдің қатысуынсыз-ақ шешілетінін көрсетіп, Оңтүстік Кореяның дипломатиялық позициясын әлсірете алады.
-
Ішкі беделді арттыру: Жаңа саммит Ким Чен Ынның ел ішіндегі беделін арттырады. Ол АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарта отырып, ядролық арсеналды сақтап қалуын өзінің сәтті стратегиясының нәтижесі ретінде көрсете алады.
Әзірге бұл кездесуге ресми дайындық басталған жоқ, алайда күзгі геосаяси күнтізбеде бұл оқиға басты назарда болмақ.