22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Саясат

Депутаттар Құрылтай регламентін қабылдады

Депутаттар Құрылтай регламентін қабылдады
Құрылтай

Депутаттар Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру, отырыстар, тыңдаулар мен үкімет сағаттарын өткізу, сондай-ақ заң шығару процесі мен депутаттық бірлестіктердің қызметін реттейтін Регламентті қабылдады.

Құжат жобасын отырыста депутат Снежанна Имашева таныстырды. Оның айтуынша, Регламент 31 тараудан және 310 тармақтан тұрады.

Жұмысты ұйымдастыру және заң шығару процесі

Құрылтай қызметінің негізгі формасы сессиялар болып табылады. Кезекті сессия жылына бір рет – қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен бастап маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Депутаттарға өңірлерге шығу үшін сессияда кемінде екі рет 10 күнтізбелік күнге дейін уақыт беріледі. Отырыстар сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұмада, ал үкімет сағаттары дүйсенбіде өтеді. Жұмыс ашықтық принципіне негізделеді.

Заң жобаларын қарау үш оқылымда жүзеге асады:

  • Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары мен негізгі ережелері талқыланады.

  • Екінші оқылымда енгізілген түзетулер қарастырылады.

  • Үшінші оқылымда жобаны Конституцияға, өзге заңнамаларға сәйкестендіру және редакциондық түзетулер енгізу аяқталады.

(Халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар екі оқылымда қаралады).

Парламенттік бақылау мен оппозиция кепілдіктері

Регламентте парламенттік бақылау құралдарына ерекше орын берілген. Депутаттар Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге депутаттық сауал жолдай алады. Сауалға жауап беру мерзімі 1 айдан аспауы тиіс.

Парламенттік оппозиция статусы мен оның процедуралық кепілдіктері де бекітілді:

  • Оппозиция сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастамашы бола алады.

  • Сессияда кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін белгілеуге құқылы.

  • Тұрақты комитеттердің басшылығында оппозиция өкілдігі көзделеді.

Депутаттық бірлестіктер

Құрылтайда депутаттық бірлестіктердің екі формасы қарастырылған: саяси партиялардың фракциялары мен депутаттық топтар. Депутаттық топ құру үшін кемінде 15 депутаттың мүшелігі қажет. Сонымен бірге отырыстардан себепсіз қалғаны немесе дауыс беруді өзгеге бергені үшін депутаттардың жауапкершілігі бекітілген.

Ұқсас жаңалықтар