Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы бірінші шақырылымдағы Құрылтайының алғашқы сессиясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Ақорда.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарихи жиынның барысын Құрылтай ғимаратындағы жаңартылған пресс-орталықтан бақылап отыр.
Сессияның ашылуына орай ғимарат жаңа заң шығарушы органның форматына сай толық безендірілген. Ішкі және сыртқы бөліктерде Құрылтайдың ресми атауы жазылған жаңа маңдайшалар мен нұсқағыштар орнатылған. Таңертеңнен бері ғимарат маңында қызметтік көліктердің қарасы көп.
Еске сала кетейік, 27 тамызда Орталық сайлау комиссиясы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың 145 депутатын тіркеген болатын. Тіркелген сәттен бастап олардың депутаттық өкілеттігі ресми түрде күшіне енді.